KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Шығыстан шыққан шынар

13.02.2012, 18:00 148


Өткен жылдың соңғы ширегінде Шемонайха ауданындағы Выдериха ауылында болғанбыз. Алтай тауы сілемдерінің етегіндегі бұл ауылдың табиғаты көркем, тарихы бай. Соның айғағындай, Выдериханың іргетасының қаланғанына екі жарым ғасырға жуықтап қалса, мұндағы алғашқы білім ордасының ашылғанына 120 жылдан астам уақыт өтіпті.

Выдериха – құндыз, суыр, бұлғын тектес терісі аса бағалы аңдардың бір түрі. Түлкінің терісі өзінің соры демекші, су тышқаны болып саналатын выдериханың тұқымын түгелге жуық тұздай еткен адамдар бүгінде оның атын ауылға берумен қанағат тұтқан сыңайлы. Ал осындағы байырғы мектеп кезінде Одақ көлемінде дүркіреп тұрған жазушы Анатолий Ивановтың атын иеленгеніне, міне, биыл оныншы жыл.
Тегінде, Анатолий Ивановтың Шемонайхадан екендігін бұрыннан білетінбіз. Бүгінде оның әкесі Степан Степанович пен шешесі жағынан атасы Логин Федоровичтің мүрдесі сол аудан орталығының іргесіндегі зиратта мәңгілікке тыныстап жатыр. Ал Шемонайхадағы бір көше шығыстан шыққан алып шынардың есімімен аталады. Сондай-ақ, осындағы болашақ ірі қаламгердің балалық шағы өткен үйге мемориалдық тақта орнатылған.
Сонан соң оның есімін бір білім ордасына беру туралы мәселе көтерілгенде таңдау Выдериха ауылындағы байырғы мектепке түскен. Өйткені, аудан орталығындағы кезінде болашақ қаламгер оқыған мектеп оның сүйікті авторы, тағы бір жазушы Николай Островский есімін иеленгеніне біршама жыл болып қалған. Ал Выдериха болса, Анатолий Степанович үшін жат жер емес. Себебі, бұл өңір мен оны мекен еткен жергілікті тұрғындар жазушы қаламынан сырт қалмаған. Оның үстіне Иванов кемеліне келген шағында да бұл ауылға келіп-кетіп жүрген.
Айталық, 1978 жылы Шемонайха ауданының 50 жылдығы тойланғанда соның алдында ғана жасы елуге келген Анатолий Иванов сол мерекенің құрметті қонағы болып қайтады. Ол осы сапарында Выдерихада да болады. Сол шақта мұндағы облыс бойынша ең озық шаруашылықтардың бірі – Жданов атындағы колхоздың да іргетасының қаланғанына елу жылдығы қоса аталып өтеді. Жазушы осы сапар соңынан одақтық «Известия» газетінде жазған мақаласында аталған шаруашылықтың басшысы Николай Галяпинді өзінің «Вечный зов» романындағы кейіпкері, колхоз басқармасының төрағасы Панкрат Назаровпен салыстыра келіп, бұл екеуінің жерге, адамдарға деген сүйіспеншілігі өте ұқсас жандар деп жоғары баға береді. Кейінен олар жұбы жазылмас достарға айналып, Выдериха, Мәскеуде сан мәрте кездеседі. Анатолий Степанович КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде бұларға қолұшын беріп, көмектесуден еш уақытта қажыған емес, дейді білемін дейтіндер бүгінде.
Ал Николай Галяпин болса өз кезегінде Выдериха орта мектебіне дос есімінің берілуіне қамқор болып қана қоймай, ондағы мектеп мұражайына жазушы туралы бағалы деректерді сыйға тартады. Тегінде мұндағы өлкетану мұражайының іргесі осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын қаланған екен. Осы бір игілікті шаруаға мектеп директоры Виталий Анисимовтың өзі бастамашы болыпты. Бұл азамат кезінде Ленинградтан оқу бітірісімен өз тілегімен осы өңірге келген көрінеді.
Қазірде бұл мұражай үш бөлімнен тұрады. Оның басты залы туған өңір тынысынан сыр шертсе, екінші бөлімі жауынгерлік даңқ шежіресіне арналған. Ал мұражайдың үшінші бөлімі жазушы Ивановтың кабинеті ретінде жасақталған. Міне, сол шағын кабинеттің айтар сыры көп пе деп тұрмыз. Айталық, мына бір дерек 17 жасар бозбаланың 1945 жылы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне барып түскенін айғақтайды. Оны бітірген соң үйлі-баранды Анатолий Семейге келіп, осындағы облыстық «Прииртышская правда» газетінің ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып орналасады. Осында ол семейлік қабырғалы қаламгер Дмитрий Черепановтың ақыл-кеңесіне құлақ түре жүріп, өмір мектебінен өтеді. Қиыр Шығысқа, әскер қатарына шақырылғанда да газет, баспасөзден қол үзбейді.
Әскер қатарынан босаған соң бір аудандық газеттің редакторы болып іске кіріседі. Осы кезден бастап жазушылыққа шындап бет бұрады. 1958 жылы оның «Повитель» деген алғашқы романы жарық көреді. Іле «Тени исчезают в полдень» деген романы басылып шығады. Содан бастап жазушы есімі қалың оқырманға кеңінен танылады. Мәскеуге қызметке шақырылып, отыз жылға жуық «Молодая гвардия» журналына басшылық жасайды. Сол екі аралықта оның қаламынан «Вечный зов» роман-эпопеясы туады. Сол атақты шығармалары көп сериялы фильмге айналады. Оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, Социалистік Еңбек Ері атанады.
1999 жылы, жасы жетпістен енді асқан шағында дүниеден озған атақты жазушының бұларға қоса «Шемонайха ауданының құрметті азаматы» атағын да қастерлеп өткені анық. Өйткені, жазушы туған жерін ешқашан ұмытпағаны секілді, оны да мұндағылар ешқашан ұмытпақ емес. Соның айғағындай, жазушы атындағы мектеп жанында оның бюст-ескерткіші қойылған. 2003 жылдан бері мектеп оқушылары арасында жазушы атындағы сыйлық үздіктерге тұрақты түрде беріліп келеді. Әдебиет, тарих және өлкетану ісі бойынша берілетін мұндай сыйлықты былтырғы жылы 11-сынып оқушылары Ермек Оразғалиев, Ксения Серохвостова және Наталья Федянина иеленіпті.Мектеп мұражайының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Наталья Серохвостова жазушы атындағы сыйлық демеушілері – жергілікті кәсіпкерлер туралы да сүйсіне сөз қозғаған.
Бұдан кейін ол бізге аудан мен жазушының 80 жылдығына орай осыдан үш жарым жыл бұрын осы жаққа Мәскеуден жазушының жұбайы Галина Леонтьевна ұрпағымен және Новосібірден жазушының туған қарындасы Раиса Степановна арнайы келіп кеткенін айтқан.
Наталья Николаевна келесі бір сөз кезегінде тоқсаныншы жылдардың басында өз ауылдарында егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың да болған­дығын мақтанышпен тілге тиек еткен. Бүгінде, міне, бірнеше этностың құтты мекеніне айналған Выдерихаңыз уақыт өткен сайын көркейіп, гүлдене түсіп келеді. Ондағы қарттарға арналған «Уба» санаторийі туралы әңгімені өз алдына бөлек қозғаған жөн. Мұнда жазушы жұбайымен бірер мәрте демалған. Осы орайда, оның да Елбасы шапағатымен қайта түлеп, іске кірісіп кеткеніне біршама жыл болып қалғанын айта кетсек, еш артықтығы жоқ деп білеміз.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ

egemen.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив