KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

«Алтай» соңғы бірнеше жылда алғаш рет ірі есеппен жеңіліс тапты

26.11.2018, 06:10 132


Өскеменде волейболдан Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының бірінші тур ойындары мәресіне жетті. Сенсацияға толы болған жарыстың алғашқы кезеңінен кейін көш басында талдықорғандық «Жетісу» тұр. Ал үш жыл қатарынан ел чемпионы атанған Өскеменнің «Алтайы» әзірге екінші орынды місе тұтуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Сенсация дейтініміз, өз алаңында ойнаған «Алтай» соңғы бірнеше жылда алғаш рет ірі есеппен жеңіліс тапты. Өскемендік арулар шымылдықашар ойында біріншіліктегі негізгі қарсыластарының бірі «Жетісудан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Бұдан кейінгі кездесулердің түгелінде сенімді жеңіске жетсе де, алтайлықтардың көш бастауына сол бір жеңілісі кедергі болды.


Ал тағы бір тосынсыйды «Алтай-2» волейболшылары жасады. Сербиялық бапкер Марко Грсич жаттықтыратын ұжым биыл жүлдегерлер үштігіне ілінуі әбден мүмкін. Өскемендіктер бірінші тур ойындары барысында тек «Алтай» мен «Жетісуға» ғана жол беріп, қалған қарсыластарының бәрінен басым түсті. Жерлестеріміз тіптен азулы «Ертіс-Қазхромды» да тізе бүктірді. Әзірге қоржынында 12 ұпай бар «Алтай-2» турнир кестесінің төртінші сатысында орналасуда.


Енді командалар екінші тур ойындарына дайындықтарын бастайды. Ал ел чемпионы «Алтай» болса, Қытай еліне аттанбақ. Естеріңізге салайық, алдағы 4-9 желтоқсан күндері аралығында Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы Шаосин қаласында волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Әлем біріншілігі өтеді.


Төменде оқырман назарына ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бірінші тур ойындарынан кейінгі турнир кестесін ұсынып отырмыз.


1. «Жетісу» (Талдықорған) – 20 ұпай;

2. «Алтай» (Өскемен) – 18 ұпай;

3. «Ертіс-Қазхром» (Павлодар) – 14 ұпай;

4. «Алтай-2» (Өскемен) – 12 ұпай;

5. «Алматы» (Алматы) – 10 ұпай;

6. «Қарағанды» (Қарағанды) – 6 ұпай;

7. «Қуаныш» (Петропавл) – 4 ұпай;

8. «Астана» (Астана) – 0 ұпай.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив