KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 4 м/с, З
446.49 475.38 4.79

Тарбағатайлық күйші Байжігіт Шығыстың символына айналады

25.10.2018, 07:00 216


Тарбағатайлық атақты күйші Байжігіттің есімі болашақта Шығыс Қазақстанның символына айналады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Бұл туралы «Ертiс концерт» бірлестігінің әкімшілігінде мәлім етті.


-Күйші Құрманғазының есімін елімізде аса құрметке ие, - дейді бірлестіктің директоры, қазақстандық шоумен Ғибрат Азубаев. – Ақтаудың өнерпаздары оның күйлерін мақтанышпен орындайды. Біздің жерлесіміз, Тарбағатайдан шыққан Байжігіт күйшінің туындылары одан еш кем емес, бірақ оны көпшілік біле бермейді. Мысалы, «Бабалар аманаты» - өте лайықты шығарма.


Ғибрат Азубаевтың осыған қатысты бір арманы бар екен - Байжігіттің күйлерінің ноталары түсірілген кітап шығару. Бұл Шығыстың репертуарлық ерекшелігіне айналып, визит карточкасы болар еді.


-«Рухани жангыру» бағдарламасының аясында ұмыт болған Байжігіттің есімі қайта жаңғырып, Шығыс Қазақстанның символына айналатынына сенімдімін, - дейді Ғибрат Азубаев. – Бұл үшін бізге қазіргі заманның мықты композиторы – Ермұрат Үсеновтің қолдауы қажет. Ол біздің оркестрлер үшін партитура жазып, аранжировка жасайды. Біз осы жаңартылған, бірегей репертуарымызбен алдағы көктемде Астанадағы Конгресс-холл сахнасында өнер көрсетеміз.


Айта кетсек, Байжігіт күйші шамамен 1705 жылы туған. Руы - Абақ Керей ішінде Жастабан. Жастабан бір жағы Тарбағатайдың сыртын, бір жағы Шыңғыстың бауырын жайлаған. Ол Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші. Ел аңызы Абылайхан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарған дейді. Заманында «Күй иесі Байжігіт», «Күй атасы - Бәжең», «Күй перісі» атанған. Байжігіт өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға.


Байжігіт туралы аңыз


Тарихта «Ақтабан-шұбырынды» атанған кезеңде Байжігіт 18 жасар жігіт екен. Елмен бірге үрей кешіп, азап шекседе домбырасын тастамапты. Осы кезеңде «Ақтабан» атты күй шығарады.

Байжігіттің қилы кезеңге арналған ең елеулі туындысы «Қайың сауған» күйі. Осы күй күйшінің есімін бүкіл елге әйгілейді. Жаңа өрлеп келе жатқан жас сұлтан Абылай, күйшіні ордаға алғызады. Байжігіт өмірінің бірталай уағы осы Абылай төңірегінде өтеді.

Күйшінің жоғарыда аталған күйлерінен басқа «Нарын» (төрт бөлімді), «Азат» (екі бөлімді), «Арман», «Көкейкесті» атты күйлері болған.

Күйші 80 жасқа келгенде сіреспе деген ауруға шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Өлім сағаты таяған кезде сахара өнерпаздарының көне салты бойынша жұртпен күй арқылы қоштасады. Оң қолы шертуге келмеген себепті күйші ең ақырғы сырлы күйін алақанының қырымен қағып ойнаған көрінеді. Күй ұрпақ жанында «Көкейкесті» деген атпен сақталған.


Дереккөз: kitaphana.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив