KZ
Өскемен
+10°
небольшой дождь жел 3 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Риддерде көшеде қалғандарға күніне бір мезгіл ыстық тамақ беретін кәсіпкер бар

17.09.2018, 09:00 134



    «Жыл тұлғасы» атанған риддерлік Галина Гильдерман облысқа танымал кәсіпкер. Өткен жылы облыс әкімінің қолынан сый-сияпаталған меценаттардың бірі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Гильдерманның отбасы жиырма жылдан астам өңіріміздегі жоқ-жетімдерге көмек беріп, әлеуметтік жобаларға белсене қатысады.


«Жылдың тұлғасының» шаңырағы үй-күйсіз жүрген, өмірдің қиын жағдайына ұшырағандардың баспанасына айналған. Екі жылдан бері баспанасы жоқ, қаңғырып жүрген жандарды жинап, олардың құжаттарын қалпына келтіріп, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта қосылуына  көп күш-жігерлерін салып жүр. Құжаттарын жөндегенше өз үйінде тұрғызып, ішкілікке салынғандары болса, өз қаражатына емдетіп, тұрақты жұмыс тауып бергенше бас-көз болады. Қазір де үйінде осындай «құдайы қонақтар» тұрып жатқан көрінеді.


Гильдермандар интернационалды жанұя. Жолдасы Бай-Эли Саидсолимовичтің ұлты - шешен, Галина Михайловнаның өзі неміс қызы. Екеуінің де әке-шешесі 1957 жылы Қазақстанға қоныс аударылыпты. Осы жерде үшінші ұрпақтары дүниеге келгендіктен, Қазақстанды отанымыз деп құрмет тұтады.


-Үш баламыз бар. Үлкеніміз де қайырымдылық шараларынан қалыспайды. Отбасымның қолдауының арқасында  мүгедек жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге материалдық көмек беріп келеміз. Өзіміздің «Рябинушка» кафемізде 57 адамды күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтимыз, - деді Галина Гильдерман, - қалалық жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстамыз.


Гильдермандар Риддер қаласындағы жетім балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерін де өз қанаттарының астына алған. Жарымжан балаларға мерекелерде сыйлықтар әзірлейді, көңілді кештер ұйымдастырады. Олармен қарым-қатынастары жетімдер үйі болған кезден басталыпты. Жүйке аурулары диспансерінде жатқан 41 мұңлыққа да Галина Михайловнаның жүрегі ауырады.


-Олардың барлығын туыстары ұмытып кеткен, ешкімге керектері жоқ. Мәңгілік мекеніне осы жерден аттанатындары да кездеседі. Жарымкөңіл жандарды бір уақыт қуанту үшін мерекелік шаралар ұйымдастырамыз. Енді бір теледидар сыйлайық деп жүрміз, - деген жоспарымен де бөлісті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив