KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 5 м/с, З
448.15 483.46 4.86

ШҚО-да теміржол саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

31.10.2022, 19:00 550 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс Қазақстандағы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тамыз айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ облыстық филиалдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген болатын.    «Антикор» орталығында өткен кездесуде  "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы және бизнес өкілдері сыртқы талдау барысында анықталған теміржол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін талқылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жиында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл салаға аса мән беріліп жатқандығын атап өтті. Жауапты тұлғалардың жұмыс барысында көрсетілетін қызметтерді күрделендіріп, қағазбастылық әрекеттерін көбейтіп жүргені сөз етілді.

"Цифрландыру  деңгейінің төмендігі, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей қарым-қатынасы, өтінімдерді қағаз жүзінде рәсімдеу – мұның барлығы уақытты алып, жемқорлық тәуекелдеріне әкеледі. Сыбайластық фактілері қылмыстық статистика негізінде расталып отыр. Соңғы бес жылда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жауапты тұлғалары мен оларға бағынышты ұйымдарға қатысты 136 қылмыстық іс тіркеліп, 52 адам сотталды. Олар пара беру мен жымқыру қылмысы бойынша істі болған. Заңсыз сыйақы алу фактілері де бар. Негізінен қылмыстар орындалған жұмыстар актілеріне қол қою кезінде заңсыз сыйақылар алумен, жұмысқа қабылдаумен және қызмет бойынша ауысумен, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін вагондар мен тепловоздарды жеделдетіп және кедергісіз берумен байланысты", – деді Архат Абжатұлы.

Басқарма басшысының түсіндіруінше, пара берген кәсіпкер өз жүктерін уақытында жібереді. Алайда бұдан зиян шегетін тағы да тұтынушы, өйткені пара тұтынушыға жететін тауардың өзіндік құнының артуына әкеліп соғады.

 

Басты мәселе вагон тапшылығы

 

Темір жолдағы жемқорлық пен келеңсіздіктерден ең көп зардап шегетін ең алдымен бизнес өкілдері екені ескеріліп, кездесуге кәсіпкерлер арнайы шақырылғанымен,  «Астана Бизнес» холдингінің өкілінен басқалары төбе көрсетпеді.

«Астана Бизнес» ЖШС менеджері Мақсат Слямовтің айтуынша, оның алғашқы  мамандығы – теміржолшы, кезінде бакалавриатты да, магистратураны да  тәмамдапты. Сол себепті осы жүйедегі проблемаларды бес  саусағындай біледі.

"Ең басты проблема – вагондардың тапшылығы. Елімізде екі бірдей вагон шығаратын зауыт бар. Неге оларға астық тасымалдайтын вагондарды өндіруді жолға қоймасқа? Локомотив жайына келсек, неге ҚТЖ басшылығы локомотивтер санын арттырмайды? Кезінде «Защита» станциясы туралы диссертация да жазған болатынмын. Түрлі құжаттарды зерттедім. Сол кезде «Өскемен-1» вокзалында тоғыз локомотив бар болатын, қазіргі уақытта бесеуге дейін қысқарыпты. Қалғандары қайда кетті?  Көп түйткіл ҚТЖ қызметіндегі жүйесіздікке байланысты, қазір бірнеше департаментке, бөлімшеге бөлініп кеткен. Кімнің кімге бағынатыны түсініксіз. Әр бөлімше өз тарифын тықпалайды. Осының барлығы жүк жөнелтушілерді әуреге салады, қолдан жасалған тозақтан қалай шығарыңды білмей дал боласың. ҚТЖ саласындағы келеңсіздік тек жүк жөнелтуге ғана қатысты емес. Жолаушылар тасымалында да былықтар жеткілікті", – дейді Мақсат Слямов.

«Астана Бизнес» ЖШС өкілі бүгінгі күні өзекті деген тағы бірнеше мәселені ортаға салды. 14 қыркүйектен бастап Қазақстанда астық пен ұн экспортына шектеулерді алып тастау астықты жаппай жөнелтуге алып келді, осыған байланысты шекараларда кептеліс, кезекті коллапс және тапшылық пайда болған. Астық-Транс теміржол жылжымалы құрамының тапшылығы тіпті Қазақстан аумағындағы қажеттілікті жабу үшін де жетпейді.  Соның салдарынан жекеменшік вагондардың иелері қызметтері үшін бағаларды 50%-ға дейін көтеріп жіберген.

Екінші мәселе, Қазтеміртранс ішкі нарықта тасымалдауға жабық вагондар бөлмейді және ұннан басқа тауарларға жабық жылжымалы құрамды беруге шектеу енгізген. Осылайша, олар шағын және орта бизнестің дамуына тосқауыл болып отыр. Ал жабық вагондардың тиімділігі – олардың төбесінде люк бар да, өнімдерді тиеуге ыңғайлы. "Астана-Бизнес" ЖШС Қазақстан аумағындағы құс фабрикалары үшін күнбағыс шротын жеткізушілердің ішіндегі ірісі болып табылады.  Олардың айлық қажеттілігі  – 20-25 вагон. Кәсіпкерлер жоғарыдағы шектеуді алып тастауды ұсынады, өйткені бұл шаралар жабық вагондардың жетіспеушілігіне және жеке вагондардың иелерінің бағаны жасанды қымбаттатуына әкеліп соғады. Соның  кесірінен тауық еті, жұмыртқа және т. б. өнімдер қымбаттайды.

"Астық-Транстың кәсіпкерлерге тиімсіз тағы бір шарты – экспортқа тасымалдаушылар кемінде 48 вагонды алулары керек. Алайда ауыл шаруашылығы өндірушісінің өз аумағында біржолғы тиеу және жөнелту үшін осынша вагонды орналастыруға  мүмкіндігі бола бермейді. Соның кесірінен біз тұрып қалғанымыз үшін айыппұл төлеуге міндеттіміз. Неге бізге қажеттілігімізге байланысты 10-12 вагон ғана босатпасқа? Вагондардың иесі – Ресей! Оларда да астық науқаны, вагондарын қайтарып алып жатыр, тіпті еліміз бойынша да астық тасымалдай алмай қалдық. Мен жоғарыдағы ойымды қайталап айтам, өзіміз вагон өндірмей, бұл мәселелер жылда қайталана береді. Әлі жиырма жыл талқылап отыра беруге болады, ал проблема шешілмейді", –  деп жалғастырды Мақсат Слямов.

Бизнес өкілі "Атамекен" ұлттық палатасынан  СТ-1 сертификатын беру-алу процесін жеңілдетуді өтінді.

"Біз экспортқа шығаратын өз тауарымызға өнім Ресейдікі емес, қазақстандық деген анықтама алуымыз керек. Біз «Атамекен» ұлттық палатасынан өндірушілерден сатып алған барлық өнімге бір ғана сертификат алуға көмектессе деген өтінішіміз бар. Қазір әр вагонға осындай құжат алуды талап етеді. Ол үшін қыруар құжат жинау керек, бұл уақытты алады және құр қағаз шығыны дер едім. Кейде барлық қағаздарды жинап келсең, қабылдайтын қызметкердің жұмыс уақыты бітіп қалады не бағдарлама ашылмай қояды. Осының барлығы – жемқорлық тәуекелдері",  –деп нақтылады менеджер.

Мақсат Слямов ҚТЖ темір жолда жүк тасымалдауда монополист, көшбасшы екенін, бірақ басшылық егер жүк жөнелтуші болмаса, оларда жұмыс болмайтынын естерінен шығармаулары керек деп санайды.

"Менің әкем де теміржолшы болған, ол кісі де кезінде көптеген олқылықтарды айтып, ренжіп отыратын. Мен теміржолшы болуды бала күннен армандап, осы мамандықты меңгеріп шықтым. Алайда жиырма жылда жүйедегі кемшіліктер жойылмай, күннен-күнге қабаттасып жатыр.  Мен балаларыма бұл мамандықты таңдауға қарсы боламын. Өйткені оқу мен практика арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Алған теориялық білім өндірісте қолдануға мүлде келмейді. Аяғы басқа мамандықты игеріп алдым. Қазір де тамаша білімді жастар бар, өкініштісі, олар бұл салада жұмыс істегілері келмейді, не болмаса шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Қазір жаңа, әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Санамызды түбегейлі өзгертпей, бұл жүйені өзгерту мүмкін емес. Жастар жемқорлықсыз да жүйенің болатынына сенулері керек. Ол үшін қарапайым жұмысшылардың, жас мамандардың жалақысын көтеру керек.  Теміржол тек тасымалдау емес, бұл ұлттың қауіпсіздігі екенін естен шығармауымыз керек", – деп аяқтады сөзін бизнес өкілі.

 

Бизнесті қолдау тәсілдері өзгерді

 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Әлия Мұқашева темір жолға қатысты мәселелерді шешуге палата белсене араласуға дайын екендігін жеткізді.

"Қазір «Атамекен»  бизнесті қолдаудағы тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Егер біздің сайтқа кірсеңіздер, әр бағыт бойынша жұмысшы топтары құрылып, жұмыс жасап жатқанын көресіздер. Коррупцияға қарсы қызметпен де әртүрлі кейстеріміз бар. Бізде тоқсан сайын кәсіпкерлерді қорғау бойынша форум өткізіліп тұрады. Бұған дейін көтерілген мәселелердің шешілуін қадағалаймыз, қандай да бір аралық қорытынды жасауға тырысамыз. Прокуратурамен тығыз байланыстамыз, сот істері бойынша да тобымыз бар. Экология мәселелерін шешу бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Бұрын біз шағымдарды қабылдап, мәселелерді зерттеп, олардың оң шешімін табумен шектелетінбіз. Ал қазір құрылған жұмыс топтары белсенді жұмыс істейді, біз іс жүзінде шешім қабылдау үшін емес, бизнес қауымдастықпен бірге жұмыс істейміз, олар жемқорлық тәуекелдерін анықтауға атсалысады. Бұл коррупцияға қарсы қызмет үшін жақсы көмек дер едім. Төртінші форум желтоқсанның басында өтеді, сол кезде бүгін көтерілген мәселелер бойынша аралық қорытындылар  болады деп сенемін", – деді ШҚО бойынша бизнес-омбудсменнің өкілі.

Архат Бейсембаев қазір теміржол вокзалдарының жұмыстарын да зерттеп жатқандарын айтты.

"Вокзал бастығынан сұрасаң, ол тек вокзалдың ғимаратындағы іс-әрекеттерге ғана жауап беретінін, басқада жұмысы жоғын айтады. Біз темір жолдың ішкі қызметімен жақсы таныс мамандармен, кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істесек дейміз. Сырткөз барлық қордаланған мәселелерді бірден аңғара қоймайды. Сондықтан бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз", – деп түйіндеді басқарма басшысы.  

 

 

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив