Шығыстағы қазба байлықты заңсыз іздеушілерді қалай тоқтатуға болады?

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, құзіретті органдардың басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Amanat» партиясының алаңында өткен жиында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды қалай ауыздықтауға болады деген мәселе тікелей көтерілді.
Шығыста, әсіресе, алтын іздеушілердің тым еркінсіп, тұнық өзен-бұлақтарымызды лайлап, тұрғындардың жайылымына дейін жыртып, тас-талқанын шығарғаны туралы талай жазылған-ды. Экологияға жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың келтіретін зияны шашетектен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыстың сыбайлас жемқорлықпен күрескерлерінің талдаулары бойынша, оған лицензиядан кейінгі бақылаудың болмауы, заңсыз өндірілген пайдалы қазбаларды өткізу және олардың нарықтық құны бойынша дәлелдемелердің жоқтығы, заңсыз өндіру үшін салынатын айыппұлдардың мардымсыздығы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды есептеуге құзыретінің болмауы сияқты бірнеше себеп бар екен.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың айтуынша, қазір облыс бойынша жер қойнауын барлау үшін 53 лицензия берілген, олардың 42-сі Күршім ауданында жүргізіліп жатыр.
Лицензия үш жылға беріледі, бір рет тағы үш жылға созуға болады екен.Прокуратураның ұсынысымен төрт лицензия қайтарылып алыныпты. Бұл жерде барлауға лицензия алған төрт азамат Хван деген тағы бір азаматпен бірлесіп жұмыс істеуге келісімшартқа отырған. Олар Қалжыр өзенінің бойында ауыр техниканы қолданып, табиғатқа орасан зор нұқсан келтірген. Заң бойынша жеке тұлға лицензиясын басқа адамға бере алмайды және жұмыстарында ауыр техниканы экологиялық қорытынды болған кезде ғана қолдана алады. Жоғарыдағы азаматтар осы екі талапты өрескел бұзған. Жер қойнауын пайдалануға рұқсат алғандардың барлығы 30 қаңтарға дейін алған қазба байлықтарының көлемі бойынша есеп беруге тиіс. Осы жерде бір гәп бар. Алтын іздеушілердің барлығы нөлдік есеп береді! Бұл дегеніміз ештеңе табылмады деген сөз.
Жер қойнауын қопарып, қазба байлықтарын алуға лицензия алу үшін бар болғаны екі-ақ құжаттың, яғни өтініш пен қазба жұмысы жүргізілетін жердің иесінің келісімі болса жеткілікті екен. Көріп отырғанымыздай, алтын іздеушілерден ол жерде алтын бар ма, жоқ па деген алдын ала барлау жұмыстарының қорытындысы мүлде талап етілмейді. Заңдағы осындай олқылықтардың кесірінен кез келген заңды тұлға болсын, жеке азаматтар болсын жерімізді аяусыз жыртып, тау-тасын қопарып, көк майсасын жапырып, тас-талқанын шығарып жүр. Әрине, олардың ешқандай барлаусыз алтын іздеулері мүмкін емес. Алайда заң оны талап етпегеннен кейін, тексерушілердің де қолдары байлаулы.
Заң бойынша, алтын қазушылар банкке өздері табиғатқа келтірген зиянды жоюға жұмсайтын белгілі бір мөлшерде қаражат салуы керек. Бұл қаржыны басқа мақсатқа пайдалана алмайды. Дегенмен заңда бұл қаражатты салу мерзімі де айқындалмаған. Сондықтан лицензияға қолы жеткен алтын іздеушілердің бұл талапты орындаған-орындамағанын тексеру тағы да мүмкін емес.
Нөлдік есеп
Өңіріміздің шұрайлы жерін қопарып жүрген алтын іздеушілердің нөлдік есебі дегеніміз олардың табиғатқа келтірген нұқсанына ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын, мемлекеттің қазынасына ешқандай салық төлемейтінін көрсетеді.
Жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген залалы 1000 АЕК көлемінде болса, онда экологтар әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салады. Егер зиян көлемі бұл мөлшерден асып кетсе, онда полиция департаменті қылмысты іс те қозғай алады, тіпті үш жылға дейін жаза да қолданылады. Бұның бәрі экология қатысты жауапкершіліктер. Ал заңсыз пайда тапқаны үшін жауапқа тарту дәл қазіргі заңдармен мүмкін емес дейді мамандар.
Марат Саятұлының айтуынша, аудандарда өкілдері болмағандықтан, алтын қазушылардың іс-әрекетін бақылап-тексеру мүмкін емес. Тұрғындардан шағым келіп түскеннің өзінде олар облыс орталығынан келгенше кен іздеушілер ол жерден кетіп те қалады.
Бұл жерде мемлекетке орасан шығын келіп отыр, ол қазба-байлығынан айырылды. Осы жерде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері де байқалады. Жайылым мен егістік үшін бөлінген жер мақсатты пайдаланылмай, жеке тұлғалардың оңай олжа табатын құралына айналады, – деді қоғам белсенділері.
Жиынның қорытындысында заңнамалардағы олқылықтарды жою үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдайтын ұсыныстар қабылданды.
Біздің анықтама
"Қара нарықта" 1 грамм алтынның бағасы 26 мың теңгеден асады. Соңғы 5 жылда еліміздің полицейлері 20 мыңға жуық "қара іздеушілерді"ұстады. Ірі қылмыстық топтар да жұмыс істейді. Олар жыл сайын Қытайға 2,5 мың тоннадан астам кен жібереді - ақшалай түрде шамамен 5,5 млрд теңге! Бірақ іс жүзінде барлық қылмыскерлер жазасыз қалады.
Автор: Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ