KZ
Өскемен
+1°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
443.85 474.3 4.8

"Ақша үшін жұмыс істейтін адам ғалым бола алмайды" - Болат Байшашов

19.11.2019, 11:03 271

Палеонтология – жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлар және олардың тарихи даму заңдылықтары туралы ғылым екенін баршамыз білеміз. Әрбір табылған сүйек миллиондаған жыл бұрынғы сол жануардың тіршілік еткен уақытымен кездескендей әсер қалдырады. Ал палеонтологиялық экспедиция жұмыстарының қызығы мен қиындығы мол, әрі бір-біріне ұқсамайды.  Палеонтолог мамандар сол миллиондаған жылдардың нышанына бірінші болып қолын тигізіп, жарыққа шығарады. Осындай қызықты ғылым жолында жүрген еліміздің бас палеонтологы Болат Байшашовтың есімі ғылым әлемінде де, ел арасында да танымал. Болат Уәпұлы – Шығыстың тумасы, Аягөз ауданында дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмес. Ерекше мамандықтың тізгінін ұстап жүрген жерлесіміз Altaynews тілшісіне сұхбат берген еді.

Жусан иісі аңқыған…

 – Болат аға, Сізді Шығыс Қазақстан облысының тумасы деп естідік. Шырайлы Шығыстан шыққан осындай ғалымдардың барына қуанамыз. Балалық шағыңыз, туған өлкеңіз туралы әңгімелеп берсеңіз…

– Мен 1945 жылдың көктемінде Аягөз ауданының әйгілі Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесінің маңындағы Таңсық өңірінің Қызылқия деген жерінде дүниеге келдім. Әкем Байшашов Уәп 1944 жылы соғыстан жаралы қайтқаннан соң халық ағарту саласында жұмыс істеді, әкемнің жұмыс бабына орай мектепке дейінгі балалық шағым туған жерде өтсе, төменгі сыныптарда – Ақши ауылында (қазіргі Сарыарқа), жоғарғы сыныптарда – Аягөздің жанындағы Сергиополь (қазіргі Мамырсу) ауылында өтті. Мен жұмыс бабымен Қазақстанның барлық аймақтарында және  оннан астам шет елдерде болдым. Әр жердің өзіне тән ерекшеліктері болады. Сонда да жусан иісі аңқыған, жиделі, бүлдіргенді, жаныма жақын туған жерімдей өлкені  кездестірмедім десе болады.

–  Ғылымға деген құлшыныс бала кезден басталды ма? Оған қандай жағдайлар себеп болды?

 – Бала кезден табиғатқа деген қызығушылығым ерекше болғанымен, ғылыммен шұғылданам деген ой болған жоқ. Әкем  ұстаздық қызметте болғандықтан, соның жолын қуғым келді. Мектептен кейін Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік мұғалімдер институтының жаратылыстану бөліміне түсіп, оны бітірген соң табиғатқа деген қызығушылығым ұстаздықтан басым бола бастады. Сондықтан зоология ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналастым. Алғашында палеонтология жөнінде түсінігім шамалы еді, алайда қызмет барысында бұл ғылым мені барған сайын қызықтыра түсті. Кандидаттық диссертациямды Киевтің зоология институтында қорғадым, ал докторлық диссертациям менің мүмкіндігімнен тыс жағдайлар әсерінен қорғалмады, бірақ оның қысқа мазмұны  шетелдік әріптестерімнің сұрауымен Германияда кітап болып шықты. Ғылым жолы мен үшін даңғыл жол болды деп айта алмаймын. Әртүрлі кедергілерге кезіктім, сонда да істелген жұмыстарды еске алсам, өзімді бақыттымын деп санаймын.

 – Қазба жұмыстары, зерттеу кездерінде орын алған қызықты оқиғалармен бөлісе аласыз ба?

– Менің алғашқы далалық жұмысым Маңғыстаудан басталған еді. 1971 жылы біздің зертханаға Маңғыстауда кит сияқты жануарлардың бас сүйектері табылды деген хабар келді. Бізді соны көріп келуге жіберді. Межелі жерге жетсек, бас сүйек дегені – конкреция, яғни магма сияқты ерітінділердің түрлі формада қатып қалуы болып шықты. Бірақ ойламаған жерде басқа бір қызық дүниеге тап болдық. Бұл жер бұрын теңіздің асты болған, сондықтан теңіз жануарларының қалдықтары өте көп екен. Биіктігі 10 метрден асатын,  бірнеше шақырымға созылып жатқан ақ тауларды көрдік. Ол кәдімгі бор екен, яғни ертеде тіршілік еткен ұсақ омыртқасыз жануарлардың сүйектерінен тұратын қоспа, ішінде қатып қалған теңіз кірпісінің және басқа да жануарлардың қаңқасы кездеседі. Саңырауқұлаққа ұқсас шошайып тұрған, қалпағының диаметрі 2-3 метр болатын тастар толығымен аммонит, белемнит, трилобит сияқты қазір жер бетінде жоқ, неше түрлі теңіз жануарларының қаңқаларына толы. Мұның бәрін өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған таңқаларлық ұмытылмас із қалдырады.

 Палеонтолог мамандарды дайындамайды

– Палеонтология ғылым ретінде елімізде қандай кезеңде тұр? Даму ма, әлде құлдырау сатысында ма?

– Бұл өте  орынды сұрақ екен. Қазақстан пайдалы қазбаларға қанша бай болса, палеонтологиялық қазба жануарлар мен өсімдіктерге де соншалықты бай. Біздің елде 600-ден астам көне заман қалдықтары табылған қазба орындары белгілі, оларда 1000-нан астам жануарлар түрлері анықталған және оның 30%-ы бұрын белгісіз болған жаңа түрлер. Сондықтан Қазақстан үшін палеонтология ғылымы – мемлекеттік мәні бар табиғат ғылымдарының бірі. Алғашқы палеонтология зертханасы  академик Қаныш Сәтпаевтың қолдауымен 1946 жылы ашылған. Мен 2014 жылдан бері осы зертханаға басшылық етіп келемін. Қазіргі кезде палеонтология бөлімінің  алдында негізгі екі мақсат тұр: біріншісі – түрлі жобалар жазып,  қаржыландыру, екіншісі – кәсіби мамандар даярлау. Қазір ғылымды өндіріспен ұштастыру мен коммерцияландыру мақсаттары алға қойылып отыр. Ал палеонтология іргелі ғылым болғандықтан, қолма-қол пайда алу мүмкін емес. Бірақ палеонтологиялық зерттеулер нәтижелерінің пайдасы өте зор, олар жан-жануарлардың эволюциялық дамуын, сол кездегі климатты, табиғи ортаны анықтауда, геологиялық карталарды жасауда және пайдалы қазбаларды іздеуде қолданылады. Грант ала алмаған немесе білікті мамандары жоқ кейбір зертханалар жабылып та жатыр, сондықтан ертеңгі күнді болжау қазіргі жағдайда қиын. Палеонтологиялық қазбаларға бай жерімізде, ертең бір жерден жануарлардың сүйегі табылған жағдайда, оны зерттеп анықтау үшін өзімізде палеонтологтар болмаса, шетел мамандарын шақыртуға тура келеді. Мамандар даярлау уақыт пен ынталылықты қажет етеді. Ешбір жоғарғы оқу орны палеонтолог мамандарды дайындамайды, олар бірнеше жыл тікелей ғылыми ізденістің қорытындысында дәрежелі маман болып қалыптасады. Жаңадан магистратураны бітіріп келген жастар 3-4 жылда дәрежелі маман болып, Қазақстандағы палеонтология ғылымын ары қарай жалғастыруына мүмкіндік бар.

– Еліміздің бас палеонтологы деген дәрежеге иесіз. Осы салада сіздің жолыңызды қуған білікті жас мамандар бар ма?

– Бүгінгі таңда жастардан білікті палеонтолог маман бар деп айту ертерек. Қазір біздің бөлімде жоғарғы білімді магистратураны бітірген 3 жас зерттеуші бар. Егер қаржыландыру жалғасып, жастар құлшына ғылыммен айналысса, палеонтологтар көбейіп, бұл ғылыми бағыт Қазақстанда бастау алады деген үміттемін.

23 миллион жыл бұрын тіршілік еткен

 – Палеонтологиялық жұмыс ауыр болғандықтан мықты денсаулықты қажет етеді. Сіздің жасыңыз 70-тен асты, бірақ әлі де қазба жұмыстарымен айналысып жүрсіз. Денсаулығыңызды қалай күтесіз? Жұмысыңызда осыған қатысты кедергілер болды ма?

– Рас, палеонтологтардың жұмысы жеңіл жұмыс емес. Қазба жұмыстарына археологтар сияқты жұмысшылар жалдай алмайды. Мамандар өз күшімен атқарады. Сонымен қатар, қазба жерлердің көбі сусыз, көлеңкесіз шөл далаларда кездеседі, мұндай жерлерде қазба жұмыстарын жүргізу бірнеше есе қиындай түседі. Өз басыма келсем, экспедициялық жұмыстардың қиындықтары маған үйреншікті. Елсіз, сусыз жағдайға қажетті керек-жарақтарымызды, дәрі-дәрмектерімізді бірге ала жүреміз және кездесетін қиындыққа алдын ала даяр болуға тырысамыз. Далалық жерде кездесетін негізгі қиындықтар: судың тапшылығы, күннің ыстығы, нөсер жаңбыр мен  дауыл жел.

– Жазған еңбектеріңізге, зерттеулеріңізге тоқталып өтсеңіз.

 –  Қазақстанда және шет елдерде басылып шыққан 157 ғылыми еңбегім, оның ішінде 4 кітап және Қазақстан энциклопедиясына енген 57 мақала бар. 20-дан астам халықаралық ғылыми конференцияларға қатыстым. Көптеген шетел  мемлекеттеріндегі ертедегі мүйізтұмсық тәрізділер коллекцияларымен таныстым, ол мүйізтұмсықтардың даму классификациясына өзгерістер еңгізуге себебін тигізді. Қазақстанның ертедегі жануарларын зерттеуде кайнозой дәуірінде тіршілік еткен тақ тұяқтылардың 4 жаңа триба, 2 жаңа тұқымын және 11 жаңа түрін ашып, ғылыми сипаттама жасадым. Палеонтологиялық жаңалықтардан өзімнің туған өлкем де тыс қалған жоқ. Аягөз маңында бұдан 23 миллион жыл бұрын тіршілік еткен жануарлар табылды. Оның ішінде 1 мүйізтұмсықты жаңа түр ретінде зерттеп, Аягөз апротодоны деп жарыққа шығардым. Ертедегі кеміргіштерді зерттеген әріптестерім бұл жерден тағы 3 жаңа түрін тапты, оның бірі жердің атына байланысты – "Сергиополь аякозомусы", екіншісі – менің атыма "Байшашов родономусы", үшіншісі – Американ палеонтологі Р.Эмридің атына "Эмри псеудотеридомусы" деп аталды.

Зайсанда ашылар жаңалық көп

 – Зайсан ойпатында жүргізілген қазба жұмыстары енді қашан жалғасын табады? Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Қазіргі кезде ғылыми жұмыстар арнайы қаржы бөлінген жоба негізінде ғана жүргізіледі. Біз ұтып алған гранттық жобамен Зайсан ойпатында жұмыстар жүргіздік. Бұл – еш жерде жоқ өзіне тән ерекшеліктері бар аймақ. Біздің жұмыстарымыздың нәтижесінде Зайсанның 180-нен астам омыртқалы қазба жануарларының мәліметқоры жасалды. Бірақ Зайсандағы палеонтологиялық жұмыстар осымен аяқталмайды. Қойнауында әлі табылмаған палеонтологиялық жаңалықтар көп десем қателеспеймін. Болашақта қазба жұмыстары жалғасын табары сөзсіз.

– Палеонтолог мамандығын таңдаймын дегендерге қандай кеңес айтасыз?

– Айтарым, ең негізгісі - жұмысыңа деген қызығушылық, жан-жағыңа жалтақтап, жеңіл не ақшасы көп жұмыстарды қуаламай, қандай қиындық болса да, көздеген мақсатыңнан таймау. Адам баласы, қандай маман болмасын, өз жұмысынан қанағат алуы керек. Тек ақша табу үшін жұмыс істеген адам ғалым бола алмайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив