KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Халық үмітін ақтамаудан қорықтық - өрт сөндірушімен сұхбат

28.12.2022, 23:11 405 Мадина Амангелдіқызы

«Бізге сенім артқан халық үмітін ақтамаудан қатты қорықтық».  Күзде облыстың бірнеше ауданын өрт жайлаған қысылтаяң шақта апатпен арпалысқан Аян Қисаминді тек осы ой үрейлендірген. Жыл соңындағы бұл сұхбатқа Аян сынды өрт сөндірушіні кейіпкер ретінде таңдап алып, апатпен күнде арпалысатын мамандардың ерлігін паш етуді жөн санадық.

Глубокое ауданы Каменный карьер ауылы маңында қураған шөптің өртенуіне байланысты жеке құрам жұмылдырылғанда сұхбатымыздың кейіпкері оқиғаның басы-қасында болып, өзі басқаратын бөлім қызметкерлерімен бірге өрттің толығымен сөндірілуіне үлес қосты. Оларға аса маңызды жауапкершілік жүктелген еді.

«Жеке құрамның әр мүшесі оттан да, көзді байлаған көк түтіннен де қорыққан жоқ. Бізді алаңдатқаны – тұрғындардың сенімін аяқ асты ету. Тұрғын үйлер орналасқан жеке аумаққа өрт жайылып, азаматтардың зардап шегу қаупі көкейімізден кетпеді. Әріптестерімнің батылдығының, иық тіресе тер төгіп, оң шешім қабылдауының арқасында қатердің алдын алдық», - деп еске алды Аян Сайлауқанұлы.

Ауа-райы мен таулы аймақтағы қатты желдің салдарынан өрт сөндіру жұмыстары қиындай түскен екен. Көлік құралдары тауға көтеріле алмағандықтан арнайы жабдықтарды көтеріп жүріп, өртті өз күштерімен сөндіруге мәжбүр болған мамандар шаршағандарын да елемей, соңына дейін дес бермей күрескен. Жанынан парызын биік қойған Аян үзеңгілес серіктерінің өмірі үшін де жауапкершілікті мойнына жүктеп, қызметін абыроймен атқарды.

Катонқарағай ауданынының асқар тауларының қойнауында дүниеге келіп, даласының дархандығын көңіліне тоқыған Аян мамандық таңдарда еш кідірместен өрт сөндіруші болуға бел буыпты. Ауылдағы үйлердің бірінің өртке оранған көрінісі санасында сақталып, осы салаға жетелеп әкелген. Мәнсап жолын 2009 жылы өрт сөндірушіден бастап, бөлімше басшысының орынбасары, кезекші өрт сөндіру қызметі маманы сынды қызметтер атқарған. Көкшетау техникалық институтында (қазіргі М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы) білім алған кейіпкеріміз қазіргі таңда бөлімше басшысы, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің Өскемен қалалық № 9 өрт сөндіру бөлімінде еңбек етеді. Жұмыс уақытында өзінен де, әріптестерінен де қатаң тәртіп пен ережеге бағынуды талап ететін сабырлы әрі әділ басшы болса, өзге уақытта әзілді жаны сүйетін, кез келген адамға көмек қолын созуға дайын тұратын көңілі көлдей жан деп сипаттайды әріптестері. Бұдан бөлек, ол ойыншық өрт сөндіру көліктерінен жеке колллекция жасақтаған. Ойыншық көліктерге қызығушылық аға буын әріптесінің жинағын көргеннен кейін қалыптасыпты.

Аян осы салада жүріп талай қызық пен қауіпті бастан өткерді. Өмірі қыл үстінде қалған сондай сәттің бірін былай баяндап берді:

«Бұл – ешқашан ұмытылмас оқиға шығар, сірә. Жанып жатқан үйге буын құрап ендік. Жатын бөлмеге жеткенде газ баллоны жарылып, буынды қосып тұрған трос ілмегі үзіліп кетті. Есімді жиғанда жарылыс әсерінен командирім кіреберісте, ал өзім жатын бөлмеде үйінді арасында қалғанымды бағамдадым».

Жұмыстың ауырлығына, қақаған аяз бен аптап ыстыққа төзіп, тамұқ отындай қызыл жалынның өтінде қалжырауға жеткенге дейін еңбек ететін кездер болғанымен, бұл саланы тастап, өзге бағытқа ауысу туралы ойды кейіпкеріміз ешқашан санасына жолатпаған. Себебі, өзге жұмыс өзі үшін мұндай қызықты бола қоймасын сезеді.

«Біздің жұмыстың мәні – адамдарды құтқару. Бұл саланы таңдағандар – ақша көздегендердің қатарынан емес. Әр құтқарушы, өрт сөндіруші өзінің өмірін ұмытып, өзгенің жанын аман сақтап қалуға ұмтылады. Өз жаның үшін қорқу сезімі шетте қалады. Ал құтқарушы үшін ең негізгісі, қарапайым адамдарға да, әріптестеріне де залал келмеуі»,- деп сөзін тәмамдады Аян Қисамин.

Отан мен халық алдындағы парызын өтеп, елеусіз ғана тіршілік кешкен батырлар ортамызда жетерлік. Кейбірінің еңбегі еленіп жатса, бірі тасада қалуда. Алайда, қоғамның құраушы бөлшегі болған әр кәсіп иесі ел үшін маңызды екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі кейіпкеріміздің болмысы — ел дамуы жолындағы азаматтардың айқын бейнесі.


Автор: Күмісжан Исан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив